Бүгін мектебімізде «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» салтанатты жиыны Орал қаласының әкімі Сатқанов Миржан Мұнайдарұлы, Орал қалалық білім бөлімінің басшысы Темірханова Ақжарқын Мұтиғоллақызы, Ардагер ұстаз Бекмағамбетова Рауза Елеуқызы және 2002 жылғы түлектердің қатысуымен өтті. Салтанатты жиын жас ұстаздардың күйімен ашылып, мектеп бітіруші түлектер құрметпенен қол соғып ортаға шақырылды. Биыл 15 түлек мектептен түлеп ұшса, оның ішінде 4 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Жарқын болашақ иесі – жастарға арналған «Болашағы біз елдің» әні шырқалып, мектебіміздің директоры Ергалиева Үміт Ильясқызы құттықтау сөзін сөйледі. Орал қаласының әкімі Сатқанов Миржан Мұнайдарұлы сөз алып, мектеп бітіруші түлектерді осынау жүрек тебірентерлік сәттерімен құттықтап, ақ жол тіледі. Түлектердің мектеп өмірінен үзінді көрініс ретінде қойылып, «Класстастар» әні шырқалды. Ұстаздары, отырған партасы, мектептің сыңғырлаған қоңырауымен қоштасқандарына 20 жыл толған мектеп түлектері сөз сөйлеп, мектепке 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. «Алтын белгі» үміткерлері ұстаздары мен алтын ұя мектебіне жүрек тебірентерлік тілектерін жолдап, «Қош бол, мектебім» әнін орындады. Түлектердің «Қоштасу вальсі» биленіп, әдемі қоңыраудың үні соңғы рет соғылды. Соңғы қоңырау соғу құрметі 11 сынып оқушыларына және «Алтын белгі» үміткері Сисенов Айбар мен «Елбасы медалі» төсбелгісінің иегері Ибраева Аружанға берілді.